Тайвань Қытай территориясының ажырамас бөлігі саналатынын мәлімдейміз – Өзбекстан

АСТАНА. KAZINFORM - Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Тайваньда өткен президент сайлауына қатысты мәлімдеме жасады.

Фото: Kazinform

Ведомстводан атап өткендей, Өзбекстан тарапы Тайваньда өткен сайлауды және жалпы жағдайды мұқият бақылап отыр.

«Біз «бір Қытай» қағидатын қолдаймыз және Қытай Халық Республикасының үкіметі - Қытайдың жалғыз заңды үкіметі, ал Тайвань Қытай территориясының ажырамас бөлігі саналатынын тағы да мәлімдейміз. Өзбекстан екі жағалау арасындағы қатынастардың бейбіт реттелуін және ҚХР үкіметінің Қытайдың бірігуін жүзеге асыру жөніндегі барлық күш-жігерін қолдайды», - делінген Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Еске салайық, бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Тайваньдағы сайлау қорытындысына қатысты мәлімдеме жасап, Қазақстан «Бір Қытай» қағидатын қолдайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, мұндай ұстанымға Әзербайжан да қосылды. Ол елдің Сыртқы істер министрлігі де өз мәлімдемесінде «бір Қытай» саясатын қолдайтынын атап өтті.