Таза ауа жұтуға зармыз: Шымкентте тұрғындар цемент зауытының жұмысына шағымданды

ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкенттегі цемент зауытына жақын тұратын тұрғындарды өндіріс орнынан тарайтын шаң мен шығарындыларға қатысты экологиялық мәселе алаңдатып отыр.

Фото: Видеодан алынған скрин

Цемент зауытына қатысты мәселе Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесуінде көтерілді.

Тұрғындардың айтуынша, үйлері өндіріс орнына жақын орналасқан. Зауыттан шығатын шаң-тозаң салдарынан таза ауамен тыныстау қиындаған. Әсіресе, балалардың денсаулығына алаңдайтындарын жеткізді.

— Цемент зауытының түбінде тұрамыз. Күнде жұтатынымыз — цемент. Таза ауаға зар болдық. Балаларымыз жиі жөтеліп, ауырып қалады. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына 20 жылдан асты. Бұған кім жауап береді? — деді жергілікті тұрғын Оразкүл Ақбергенова.

Қала әкімі бұл мәселенің бұған дейін де талқыланғанын айтып, алдағы уақытта тағы қарап, шешімін табатынын жеткізді.

— Зауыт қоршаған ортаға зиян келтірмей жұмыс істеуі тиіс. Ең бастысы — тұрғындардың зардап шекпеуі. Кәсіпорынның жабық капсула режимінде жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді Ғабит Сыздықбеков.

Мәселеге қатысты Шымкент қаласы бойынша экология департаменті түсінік берді.

Департаменттің мәліметінше, «Стандарт Цемент» ЖШС-де 2026 жылғы 10 қыркүйекте сағат 04:40 шамасында өндірістік желінің № 1 учаскесінде материал құбырының жарылуына байланысты апаттық жағдай тіркелген. Салдарынан қысқа уақытқа шаңдану байқалған.

— Кәсіпорын пешті тоқтатып, ақауды жойды. Соның нәтижесінде материалдың төгілуі мен шаңдану толық тоқтатылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты. Апаттық жағдайдың қайталануын болдырмау үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр, — делінген ведомство ұсынған ақпаратта.

Осыдан кейін қоршаған ортаның жай-күйін бағалау мақсатында атмосфералық ауа мен топырақтан сынамалар алынып, зертханалық зерттеу жүргізілген. 2026 жылғы 16 қыркүйектегі зерттеу нәтижесіне сәйкес, атмосфералық ауа мен топырақ құрамындағы зерттелген көрсеткіштер бойынша белгіленген нормативтерден асу фактілері анықталмаған.

Бұған дейін Шымкентте кейінгі үш жылда тұрақты көздерден атмосфераға таралатын ластаушы заттардың көлемі айтарлықтай артқанын хабарлаған едік.