«Таза Қазақстан» балабақшадан басталады: Балаларға қандай құндылықтар үйретіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Экологиялық білім берудің бірыңғай стандарты әзірленді. Бұл туралы Құрылтай депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Үкімет басшысының атап өтуінше, 2024 жылдан бастап Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамаларын іске асыру және оның қағидаттарын білім беру ұйымдарындағы оқу-тәрбие жұмысының жүйесіне енгізу жұмысы белсенді әрі кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

— Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы барысында берген тапсырмалары биыл 21 қыркүйекте менің төрағалығыммен өткен кеңесте қаралды. Оған мүдделі мемлекеттік органдар қатысып, білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес жетілдіру мәселелері талқыланды. Бүгінгі күні жастардың жаңа қоғамдық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» қағидаттары «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында іске асырылып, Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен білім беру бағдарламаларына енгізілді, — деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, тәрбие жұмысының барлық кешені жас ерекшеліктерін ескере отырып айқындалған және өскелең ұрпақтың бойында ниеті мен іс-әрекетінің тазалығы, адамдарға, еңбекке құрметпен қарау сияқты рухани-адамгершілік құндылықтарды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» қағидаттарына сәйкес басқа да негізгі құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.

— Мектепке дейінгі ұйымдарда жұмыс туған өлке мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікке, қамқорлыққа, адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуге бағытталған. Бүгінде «Жасыл балабақша» жобасының аясында мектепке дейінгі 288 ұйымда экологиялық бағыт дамытылып жатыр. Орта білім беру ұйымдарында тәрбие компоненті мен экологиялық мазмұн жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндер (биология, жаратылыстану, география, химия, физика және т. б.) арқылы іске асырылады және экологиялық сауаттылықты қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталған, — деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов мектептерде экологиялық мәдениетті қалыптастыру «Жасыл мектеп» экожобасы және оның аясында іске асырылатын «Жасыл сабақтар» білім беру жобасы арқылы қамтамасыз етілетінін айтады.

— Мектептердің сыныптан тыс жұмысы шеңберінде аға буын өкілдеріне көмек және жануарларға арналған панажайларға қолдау көрсетуге, табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға, аумақтарды көгалдандыру мен абаттандыруға бағытталған «Қоғамға қызмет ету» волонтерлік қызметін («Жер сағаты», «Түлектердің ағаш егуі», «Табиғатқа қамқорлық жасаймыз» және т. б. іс-шаралар) қамтитын «Қамқор» әлеуметтік жобасы көзделген, — деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов сондай-ақ экологиялық бірлестіктерінің желісі дамып келе жатқанын айтты.

— Бұл ретте қосымша білім беру жүйесінде балалардың экологиялық бірлестіктерінің желісі (125 мың жас экологты біріктіретін шамамен 4,4 мың «жасыл» клуб жұмыс істейді) дамып келеді. 2025-2026 оқу жылында 44 мыңға жуық экологиялық іс-шара (мектепішілік, аудандық, қалалық, өңірлік деңгейде) өткізіліп, оларға жүздеген мың білім алушы, педагог және ата-ана қатысты, — деді Олжас Бектенов.

Бұған дейін Экологиялық білім берудің бірыңғай стандарты әзірленгенін жазған едік.