«Таза Қазақстан» бастамасына ел бойынша 6,9 млн-нан астам адам қатысты

АСТАНА. KAZINFORM- «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы бүкіл ел бойынша 6,9 млн-нан астам адамды біріктірді. Бірлескен күш-жігермен 1,1 млн гектар аумақ тазартылып, 844 мың тонна қалдық жиналып, шығарылды, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, елде сондай-ақ 1,3 млн-нан астам тал отырғызылды.

Жыл басынан бері 753 экологиялық іс-шара өткізілді. Оған азаматтар, еріктілер, жастар, мемлекеттік органдардың, бизнес пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

-Бастаманың маңызды бағыттарының бірі – ерте жастан экологиялық мәдениетті қалыптастыру. «Жасыл балабақша» жобасы аясында экологиялық бағыттағы 295 мектепке дейінгі ұйым құрылды. Ал мектептерде экологиялық тәрбие бойынша 158 мыңнан астам сынып сағаты өткізілді,- делінген хабарламада.

Қоғамдық экологиялық бақылау да белсенді дамып келеді. TazaQazBot Telegram-чат-боты арқылы санитарлық жағдай мен аумақтарды абаттандыру мәселелері бойынша 59,6 мың өтінім келіп түсті.

-«Таза Қазақстан» – бұл жай ғана экологиялық акциялар емес, тазалыққа, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға деген ортақ ұмтылыс,-деп жазады министрлік.

Осыған дейін елде экологиялық білім берудің бірыңғай стандарты әзірленгені туралы жаздық.