ІІМ басшысы «Таза Қазақстан» бастамасы ең алдымен заңға құрмет, қоғамдық тәртіп және әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Көшелер мен қоршаған ортаның тазалығы осы мәдениеттің ажырамас бөлігі саналады. Осы бағыттағы жұмыстар аясында жыл басынан бері 213 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 1 397 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Полиция материалдары негізінде олардың 952-сі жойылды.
— Санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 351 лауазымды тұлға, оның ішінде 102 әкім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының 249 өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, басым бағыттардың бірі — жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Есепті кезеңде жол-көлік оқиғаларының саны 4%-ға, қаза тапқандар саны 20%-ға, жарақат алғандар саны 7%-ға азайған.
Министр жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтуді, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларға қатысты шараларды қатаңдатуды және оларды анықтау үшін цифрлық технологияларды белсенді пайдалануды тапсырды. Сондай-ақ жалға берілетін электрсамокаттарын пайдалану жөніндегі жаңа талаптардың орындалуы қаралды.
Министр кикшеринг компанияларының белгіленген талаптарды сақтауын бақылауды және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Еске сала кетейік, Ішкі істер органдарнда биылғы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік қызмет қорытындыcы шығарылып, алдағы кезеңге негізгі міндеттер айқындалды.
Бұған дейін ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы жақсарып, іздеуде жүрген жүздеген қылмыскер ұсталып сондай-ақ бірқатар ұйымдасқан қылмыстық топ пен заңсыз көші-қон арналарының қызметі тоқтатылғанын жаздық.