Өңір полицейлері облыстың тазалығы мен тәртібін сақтауға, қоршаған ортаны ластау және абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алуға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында рейдтер жүргізіп жатыр.
— Осы жылдың басынан бері полиция қызметкерлері 4 483 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 3 671-і абаттандыру қағидаларын бұзуға, ал 812-сі қоғамдық орындарды ластауға қатысты. Барлық кінәлі азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылды, — деп хабарлады ШҚО полиция департаментінен.
Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау мен жою мақсатында да тиісті шаралар атқарылуда. Биыл Шығыс Қазақстан аумағында рұқсат етілмеген 98 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 76-сы жойылды.
— Бейнебақылау камералары құқықбұзушылықтарды анықтауда тиімді құрал болып отыр. Көшедегі камералардың көмегімен аумақтарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қолданылып жатыр. Бұл өз кезегінде азаматтардың қоршаған ортаның тазалығына деген жауапкершілігін арттырады, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін мыңдаған ақмолалық «Таза Қазақстан» экологиялық марафонына қатысқаны хабарланған.