«Қазіргі уақытта министрлік 17 жоғары оқу орнына жоспардан тыс тексеруді бастады және жыл соңына дейін тексерулерді жоспарлы түрде жүргізетін болады. Әрине, бұл жердегі ең басты мәселе, ЖОО-лардың білім беру бағдарламаларын сапалы дайындауына байланысты. Сол білім беру бағдарламасын аяқтап шыққаннан кейін «түлек қаншалықты жұмысқа орналасады?», «қаншалықты сұранысқа ие болады?», осыған орай 5 маусымда ЖОО-ларға қойылатын біліктілік талаптарына өзгерістер енгізілді. Кадрларды дайындауға лицензия алу үшін ЖОО-ның бағдарламалары сараптамадан өтуі керек және Білім министрлігінің оқу бағдарламалары тізімінде болуы тиіс», - деді Гүлзат Көбенова министрліктің Facebook-парақшасында өткен онлайн-брифинг барысында.
Сонымен қатар комитет төрайымы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамына қойылатын талаптардың да өзгергендігін айтты.
«Ендігі уақытта ЖОО оқу барысына тәжірибелі мамандарды тарта алады. Мысалы, бұрынғы жылдары ЖОО-ларда ғылыми дәрежелері бар оқытушылар 50 пайызды құрауы қажет болса, биылдан бастап 40 пайызға төмендетілді. Негізгі штаттағы профессор-оқытушы құрамы бұрнағы жылы 80 пайызды құраса, өткен жылы 60 пайыз болды. Ендігі уақытта ұлттық біліктілік шеңбері аясында тәжірибесі мол мамандарды тартуға болады», - деді ол.