Тәжікстан 2035 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15 пайызға азайтпақ

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан 2035 жылға дейінгі жаңартылған климаттық жоспарын БҰҰ-ға жолдады. Құжатқа сәйкес, ел парниктік газ шығарындыларын 15 пайызға, ал халықаралық қолдау болса, 40 пайызға дейін қысқартуды көздеп отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: freepik.com

Құжатта Тәжікстан 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 10 пайыз, ал 2035 жылға қарай 15 пайыз азайтуды жоспарлаған. Халықаралық қаржылық және технологиялық қолдау көрсетілген жағдайда бұл көрсеткіштер тиісінше 25 және 40 пайызға жетуі мүмкін.

«Ұлттық деңгейде айқындалатын үлес» (ОНУВ 3.0) құжатын республика үкіметі 2026 жылғы 16 қазанда бекіткен.

Тәжікстанның Қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы Баходур Шерализода құжаттың бекітілуі нақты жұмыстың бастамасы ғана екенін айтты. Оның сөзінше, климаттық мақсаттар салалық бағдарламалар мен өңірлік жоспарларға енгізілуі керек. Ал климат саясатының нәтижесі қабылданған құжаттардың санымен емес, экономика мен халықтың өміріне тигізген нақты әсерімен бағалануға тиіс.

2026-2035 жылдарға арналған ОНУВ 3.0 шараларын іске асыруға қажетті қаржы көлемі таңдалған сценарийге қарай 20-22,5 млрд доллар аралығында бағаланып отыр.

Ұлттық деңгейде айқындалатын үлестер — Париж келісімінің негізгі тетіктерінің бірі. Келісімге қатысушы елдер әр бес жыл сайын парниктік газ шығарындыларын азайту және климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі міндеттемелерін жаңартып, мақсаттарын күшейтіп отырады.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда парниктік газдар шығарындыларына қатысты жаңа ережелер енгізілгенін жазғанбыз.