- Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға сапары барысында екі елдің энергетика министрліктері арасында Тәжікстан Республикасына мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімге қол қойылды. Энергетика министрлігі қараша айына арналған жоспарда 20 000 тонна АИ-92 бензинін жеткізу мүмкіндігін енгізді, - деді Ерлан Ақкенженов.
Оның айтуынша, енді екі елдің тиісті коммерциялық құрылымдары логистика мәселелерін нақтылап, сату бағаларын белгілеу арқылы келісімшартты егжей-тегжейлі пысықтайтын болады.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан мен Тәжікстан сауда айналымын арттыру, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және ЖИ салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді. Жақында Ақордада өткен жоғары деңгейдегі келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің ресми делегациялары үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 14 құжатқа қол қойды.
Соның арасында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Энергетика және су ресурстары министрлігі арасындағы мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісім бар.
Сонымен қатар Қазақстан мұнай өңдеу көлемін арттыруды және шикі мұнай өндіру мен дайын өнім шығару бойынша қазіргі арақатынасты біртіндеп өзгертуді көздеп отыр.