Тәжікстан Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізбек

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы баспасөз мәслихатында Тәжікстанның Туризмді дамыту комитетінің төрағасы Джамшед Джумахонзода мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: ASIA-Plus

Оның атап өтуінше, бұл мәселе қазіргі уақытта қарастырылып жатыр. Оң шешім елдегі туризм индустриясының дамуына, сондай-ақ жарнамалық және ақпараттық жұмыстардың артуына ықпал етеді. 

- Тәжікстан үшін негізгі туризм нарықтары – араб елдері, Англия, Германия, Франция, Ресей, Қытай және Оңтүстік Корея, бұл елдердің азаматтары демалыс пен саяхатқа көбірек қызығушылық танытып отыр, - деді Джумахонзода.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылы Тәжікстанға 1,7 миллионнан астам турист келген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда шамамен 25 пайызға жоғары.

Тәжікстанға барған қазақстандық туристер саны 37 мыңнан асады.