Бұл туралы Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі хабарлады.
Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі мәліметінше, жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер қорытындысында екі ел арасында 31 жаңа ынтымақтастық құжаты рәсімделген.
— Екі мемлекет басшысы — құрметті Эмомали Рахмон мен құрметті Си Цзиньпин жаңа дәуірдегі жан-жақты ынтымақтастық пен стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы Тәжікстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен мәлімдемесіне, сондай-ақ екі ел арасындағы мәңгілік достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжаттың басты ұраны — «Мәңгілік дос, ешқашан жау емес», — деп хабарлады Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі.
Құжат Душанбе мен Бейжің арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруді көздейді.
Келісім ынтымақтастықтың кең ауқымын қамтиды.
Атап айтқанда, саяси консультациялар, сауда-экономикалық байланыстар, мәдени алмасу және қауіпсіздік мәселелері құжатқа енгізілген.
Осыған дейін Тәжікстан мен Қытай 8 млрд доллардан астам сомаға келісімшарттарға қол қойғаны туралы жаздық.