Тәжікстан мен Қытай Памир арқылы цифрлық дәлізді іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан мен Қытай Душанбе — Хорог — Құлма — Қарасу — Бейжің бағыты бойынша тікелей талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Душанбедегі меншікті тілшісі.

Фото: Фото: Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы байланыс қызметі

Тәжікстан Үкіметінің Байланыс қызметінің мәліметінше, Тәжікстан мен Қытай арасындағы халықаралық цифрлық дәліздің ашылу рәсімі 17 қазанда Душанбеде өтті. 

Тәжікстан аумағындағы талшықты-оптикалық байланыс желісі Душанбе — Хорог — Құлма бағытымен 1010 шақырымға созылып жатыр. Оның 435 шақырымдық ең күрделі бөлігі Таулы-Бадахшан автономиялық облысының биік таулы аумағы арқылы өтеді. Ал қытайдың байланыс желісіне қосылатын торап теңіз деңгейінен 4363 метр биіктіктегі Құлма асуында орналасқан.

Қытай аумағындағы желінің ұзындығы 6100 шақырымды құрайды. Жаңа желінің бастапқы деректер өткізу жылдамдығы секундына 1 терабитке жетеді. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті 10 терабитке дейін арттыру жоспарланып отыр.

— Тәжікстан деректер транзитін дамыту үшін зор мүмкіндікке ие болды. Оның аумағы арқылы Қытай мен Орталық Азия елдері, ал келешекте Оңтүстік Азия мемлекеттері арасында цифрлық деректерді тасымалдауға болады. Бұл — кезекті байланыс желісі ғана емес, Тәжікстанның Цифрлық Жібек жолындағы транзиттік рөлін күшейтетін жаңа бағыт, — деп хабарлады ведомство.

Жаңа цифрлық дәліз Тәжікстанның бесінші халықаралық байланыс арнасы болды. Жобаны іске қосу елдің 2030 жылға дейінгі ұлттық даму стратегиясы мен 2040 жылға дейінгі байланыс саласын дамыту стратегиясында көзделген. Басты мақсаттардың бірі — елдің халықаралық байланыс бағыттарын кеңейтіп, 2030 жылға қарай халықаралық арналар арқылы секундына 2 терабитке дейін дерек тасымалдауға қол жеткізу.

Бұған дейін БҰҰ Даму бағдарламасы Тәжікстанның дамуына 84 млн доллар бөлетіні хабарланған болатын.