Тәжікстан отын импортына баж салығын алып тастады

АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан үкіметі Еркін сауда аймағы туралы шартқа кірмейтін елдерден келетін мұнай өнімдері мен сұйытылған газға нөлдік импорттық баж салығын енгізді.

Фото: fergana.news

Бұл шара 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болады. Жеңілдік бензин, дизель отыны, сұйытылған газ, сондай-ақ шикі мұнайдан басқа мұнай өнімдерінің импортына қолданылады. Бұл шара негізінен Иран, Түрікменстан және Әзірбайжаннан келетін импортқа арналған. Еркін сауда аймағына қатысушылар, атап айтқанда Ресей мен Қазақстан үшін нөлдік баж мөлшерлемесі бұрыннан бар.

Бұл шешім бағаның автоматты түрде төмендейтінін білдірмейді, өйткені отынның көп бөлігі қазірдің өзінде бажсыз импортталады, ал отынның түпкілікті бағасы сатып алу бағасына, көлікке, транзитке және айырбас бағамдарына да байланысты.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Тәжікстан 1,13 миллиард долларға шамамен 1,37 миллион тонна мұнай, мұнай өнімдері және сұйытылған газ импорттады. Соның ішінде Ресей 628,9 миллион долларға шамамен 708 000 тонна, ал Қазақстан 153,8 миллион долларға 225 600 тонна сұйытылған газ жеткізді. Ираннан жеткізілген өнімнің жалпы құны 14,7 миллион доллар (15 600 тонна).

Тәжікстанда Ресейден келетін импорттың жеткізіліміндегі үзілістер осы жазда отын тапшылығына және отын бағасының өсуіне әкеп соқтырған. Маусым айының басынан бері 1 литр дизель отынының бағасы 11 сомониден 16,5 сомониге дейін өссе, ал АИ-92 бензині 10,9 сомониден 13,5 сомониге дейін қымбаттаған.

Бұған дейін, Қазақстанның Энергетика министрлігі қараша айына арналған жоспарда Тәжікстанға 20 000 тонна АИ-92 бензинін жеткізу мүмкіндігін қарастыратынын мәлімдеген. 

Халықаралық валюта қоры мұнай секторындағы қиындықтар 2027 жылы да жалғасуы мүмкін деп болжап отыр.