Тәжікстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай әскери шеру өткізді

АСТАНА. KAZINFORM — Душанбедегі Тәуелсіздік алаңында Тәжікстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай әскери шеру өтті, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі оқиға орнынан.

Фото: Тәжікстан президентінің баспасөз қызметі

Душанбе гарнизонының бөлімшелері мен құрамаларының әскери шеруіне қорғаныс министрлігі бөлімшелері мен күш құрылымдарының сарбаздары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әйел әскери қызметшілер, күштік құрылымдардың ардагерлері, интернационалист жауынгерлер — жалпы 27 мыңнан астам әскери қатысты.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

Парадты Тәжікстан Республикасының президенті, қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы, армия генералы Эмомали Рахмон ашты. Республика басшысы әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің елдің конституциялық құрылысын, мемлекеттік қауіпсіздігін, халықтың бейбітшілігі мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі орнын айрықша тілге тиек етті.

Фото: Мәдібек Жәнібеков/Kazinform

— Мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 35 жыл толып отырған тарихы мемлекет қауіпсіздігі мен тұрақтылығын, Тәжікстан халқының бейбіт өмірін сенімді қалқан болып қорғап келе жатқан қарулы күштеріміздің сарбаздары мен әскерлері, қорғау органдарының қызметкерлері ел азаматтарының құрметі мен мақтанышына лайық екенін көрсетті, — деді Эмомали Рахмон.

Бұған дейін Тәжікстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында ел астанасында жаңа Ұлттық стадион пайдалануға берілгенін хабарлаған едік.