Тәжікстанда қазақтың ұлы ақындары, ойшылдары мен ғалымдарының кітаптары таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Тәжікстан астанасында өтіп жатқан халықаралық кітап жәрмеңкесінде қазақтың ұлы ақындары, ойшылдары мен ғұламаларының кітаптары қоғам назарына ұсынылды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Көрме аясында Қазақстан елшілігі қазақ халқының бай мәдени-тарихи мұрасын көрсететін кітаптар топтамасын таныстырып өтті.
Экспонаттар арасында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың, атақты ақын Жамбыл Жабаевтың, қазақтың тұңғыш геологі, академик Қаныш Сәтбаевтың басылымдары, сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық философиясы, мәдениеті туралы еңбектер болды.
Экспозиция көрмеге келушілер, соның ішінде Тәжікстанның ғылыми және мәдени зиялы қауым өкілдері, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер және қалың жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанның көрмеге қатысуы екі ел арасындағы гуманитарлық диалогты дамытуға қосқан қомақты үлес болып, мәдени байланыстарды одан әрі нығайтуға ұмтылысын танытты.
Тәжікстанның Мәдениет министрі өз сөзінде мұндай шаралардың әлем халықтары арасында өзара түсіністік пен достықты тереңдету үшін маңыздылығын атап өтті.
Бұдан бұрын қазан айының басында Мемлекет басшысы Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездескен еді.
ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларға ілтипат білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған тәжік тарапы мен Президент Эмомали Рахмонға алғыс айтты.