Тәжікстан президентінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қаңтарда Эмомали Рахмон Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық гвардияда, Шекара әскерлерінде, Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінде, сондай-ақ Әділет министрлігінің Қылмыстық жазаларды орындау бас басқармасында бірқатар кадрлық тағайындаулар жүргізген.
— Аталған күштік құрылымдардың әскери бөлімдері мен бөлімшелерінің командалық құрамына жас, дарынды, жоғары білікті және отаншыл кадрлар тағайындалды, — деп хабарлады президенттің баспасөз қызметі.
Эмомали Рахмон өз сөзінде өңірдегі және әлемдегі жағдайға байланысты Қарулы күштердің, әскери бөлімдер мен бөлімшелердің жауынгерлік даярлығының жай-күйін талдап, талқылады және нақты міндеттер қойды.
Мемлекеттік шекараны қорғауға, жауынгерлік әзірлікті арттыруға, шетел тілдерін меңгеруге, заманауи әскери техниканы игеруге, сондай-ақ командирлер мен әскери қызметшілер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ерекше назар аударылды.
Бұған дейін тәжік-ауған шекарасында төрт жаңа шекара заставасы ашылғаны хабарланған болатын.