Тәжікстанға тартылған шетелдік инвестиция көлемі 35 пайызға өсті

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы Тәжікстан экономикасына тартылған шетелдік инвестиция көлемі 6,9 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Мәдібек Жәнібеков

Тәжікстан Республикасы Инвестициялар және мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Султон Рахимзода есептік баспасөз конференциясында өткен жылдың қорытындысы бойынша елге 6 925,3 млн доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартылғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 1 798,6 млн долларға, яғни 35,1 пайызға артық.

– Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен тартылған инвестиция көлемі 3 031,0 млн долларды немесе жалпы көлемнің 43,8 пайызын құрады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1 067,3 млн долларға, яғни 54,4 пайызға көп, – деді спикер.

Оның айтуынша, алыс шет мемлекеттерден келген инвестиция көлемі 3 894,3 млн долларды немесе жалпы көлемнің 56,2 пайызын құрады. 2024 жылмен салыстырғанда өсім 731,3 млн долларды немесе 23,1 пайызды құраған.

Айта кетейік, өткен жылы Тәжікстанға 37 мыңнан астам қазақстандық турист барған.