Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген есірткі қылмыскерлері ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Грузия Ішкі істер министрліктерінің Тбилисидегі келіссөздерінен кейін синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Polisia.kz

Қазақстан мен Грузияның ішкі істер органдары халықаралық іздестіру және трансұлттық қылмысқа қарсы күрес бағытындағы практикалық ынтымақтастықты күшейтуді жалғастырады.

Еске салсақ, ақпанда Астанада Қазақстан мен Грузия ІІМ басшыларының кездесуі өтіп, тараптар ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және халықаралық іздеудегі қылмыскерлерге қарсы күрестегі үйлестіруді күшейтуге келіскен болатын. Жуырда Қазақстан ІІМ басшысы Ержан Сәденов жұмыс сапарымен Тбилисиге барып, Грузия ІІМ министрі Сулхан Тамазашвилимен келіссөздер жүргізді. Сонымен қатар Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің қабылдауында болды. 

Ынтымақтастықтың жандануы аясында бірлескен жұмыстың нақты нәтижелері де бар. Атап айтқанда, 2026 жылдың наурыз айынан бері Грузия аумағында Қазақстан құқық қорғау органдары іздеген 15 адам ұсталды.

— Олардың қатарында синтетикалық есірткі өндіруді ұйымдастырды деген күдікке ілінген ерлі-зайыпты да бар. Қазақстан ІІМ сұрауы бойынша Тбилисиде мефедрон өндіруді ұйымдастырды деп күдікке ілінген Қазақстан азаматы ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол 2023 жылдың қазан айынан 2024 жылдың ақпан айына дейін сыбайластарымен бірге Алматы облысында арнайы жабдықталған есірткі зертханасында синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырып, химиктің рөлін атқарған, — делінген хабарламада.

Тбилисиде халықаралық іздеуде жүрген оның жұбайы да қолға түсті. Тергеу барысында оның Алматы және Қарағанды облыстарындағы синтетикалық есірткі өндірісіне қатысты қылмыстық әрекеттердің қаржылық сүйемелдеуіне жауап бергені анықталды.

Қазіргі уақытта ұсталғандарды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық Орталық бюросының қызметкерлері, Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен аталған елден пара бергені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға Қазақстан азаматын экстрадициялады.