Техникалық реттеу және метрология саласындағы кәсіби стандарттар қайта қаралмақ
АСТАНА. KAZINFORM — Техникалық реттеу және метрология комитетінің кәсіби стандарттар жөніндегі салалық кеңесінің кезекті отырысында саланың өзекті мәселелері қаралды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі мәлім етті.
Жиында бірқатар кәсіби стандарттарды жою, жаңарту және мамандықтар тізілімін өзектендіру туралы шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, кадрларға сұраныс пен саланың даму үрдістеріне байланысты кешенді талдау жүргізу қажеттілігі атап өтілді.
Жиында келесі мәселелер қаралды:
«Стандарттаушы» және «Метролог» мамандықтары бойынша бекітілген кәсіби стандарттар;
ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының 2019 жылғы 30 желтоқсандағы №270 бұйрығымен бекітілген «Лифттердің сәйкестігін растау» кәсіби стандарты;
2019 жылғы 26 желтоқсандағы №263 бұйрығымен бекітілген «Сапа менеджменті» кәсіби стандарты;
Техникалық реттеу және метрология саласындағы кәсіптер тізілімі;
Саладағы қазіргі жағдай, кадрларға деген қажеттілік, негізгі проблемалар және даму үрдістерін ескере отырып кешенді талдау жүргізу қажеттілігі.
Отырыс қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:
«Лифттердің сәйкестігін растау» кәсіби стандартын күшін жою;
«Сапа менеджменті» кәсіби стандартын өзектендіру (жаңарту);
Кәсіптер тізіліміне жаңа мамандықтарды қосу арқылы оны жаңарту:
Бас метролог,
Өлшем бірліктерін салыстырып тексеруші,
Стандарттау жөніндегі техникалық сарапшы.
Қазіргі уақытта «Сапа менеджменті» кәсіби стандартын жаңарту мақсатында жұмыс тобын құру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда сыра, мотор майы сынды өнімдер таңбаланатынын мәлімдеген еді.