Үш аптада инфляцияны тежеу шаралары әзірленеді
Үкімет басшысы инфляцияны тежеу және одан әрі төмендету бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
– Бұған мүмкіндік жеткілікті. Ол үшін барлық мемлекеттік органдардың жан-жақты ойластырылған іс-қимылын қамтамасыз ету керек. Ұлттық экономика министрлігіне Ұлттық банкпен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, 20 қарашаға дейін инфляцияны төмендету және халықтың нақты табысын арттыруға бағытталған салық-бюджет және ақша-кредит саясатын үйлестіру жұмыстарын күшейту шараларын әзірлеуді тапсырамын, – деді О.Бектенов.
Әкімдіктер азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданатын шаралардың тиімділігіне апта сайын мониторинг жүргізіп, Сауда министрлігіне тиісті ақпарат беруі қажет.
– Сауда министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің шекті үстемелерінің сақталуын бақылауды күшейтсін, сондай-ақ бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдасын. Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері екі аптада қысқы кезеңге арналған азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастырсын. Сондай-ақ тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандырып, азық-түлік тауарларын тікелей жеткізу көлемін ұлғайтсын, – деді Премьер-министр.
Бюджетті цифрландыру және ЖИ қолдану
Қаржы, Ұлттық экономика және Жасанды интеллект министрліктері цифрлық құралдарды пайдалануды кеңейтіп, бюджет рәсімдерінде ЖИ мүмкіндіктерін кеңінен қолдануы қажет.
– Бюджет қаражатын мақсатсыз немесе тиімсіз пайдалану тәуекелдерін анықтап, бюджет процесінің барлық кезеңдерінде толық форматты-логикалық бақылауды үздіксіз жүргізу керек. Деректерді автоматты түрде қайта тексеруді қамтамасыз ету қажет. Цифрлық шешімдер онлайн-мониторинг жүргізуге, деректер мен бюджеттік операцияларға нақты уақыт режимінде аудит жасауға мүмкіндік беруге тиіс, – деді О.Бектенов.
Ал Қаржы министрлігіне қазынашылықтың ақпараттық жүйесін құруды, сондай-ақ бюджет кірістері мен шығыстарын мемлекеттік басқарудың ақпараттық жүйелерін интеграциялауды қамтамасыз ету тапсырылды.
– Бұл ретте бюджет шығыстарының барлығы нақты басымдықтар бойынша айқындалып, экономикалық қайтарымның барынша жоғары болуына баса назар аударылуға тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Орта бизнесті дамыту жоспары әзірленеді
Ұлттық экономика министрлігіне мүдделі тараптармен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін орта бизнесті дамыту жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Құжатта шағын кәсіпорындардың орта бизнес санатына өтуін ынталандыру, кәсіпорындардың ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, соның ішінде жеке инвестиция тарту арқылы қолдау шаралары қарастырылуға тиіс.
– Сондай-ақ өндірістік қуаттарды технологиялық жаңарту және еңбек өнімділігін арттыру жөніндегі шараларды қарастыру маңызды. Бұдан бөлек, орта кәсіпорындардың ірі компаниялармен кооперациясын дамыту, олардың өндірістік тізбектерге қатысуын кеңейту және шығарылатын өнімді тұрақты өткізуді қамтамасыз ету тетіктерін қарастыру қажет, – деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, бизнес-омбудсменмен және депутаттармен бірлесіп, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылау тапсырылды. Бұл ретте бұған дейінгі тәжірибе ескерілуі керек.
Мораторийдің мақсаты – кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, олардың қызметіне негізсіз араласуға жол бермеу. Осы мәселелер бойынша тиісті ұсыныстар екі апта ішінде Үкіметке енгізілуге тиіс.
Бай-бағландарға арналған салық тәсілдері әзірленеді
Ұлттық экономика министрлігіне жаңа Салық кодексіне енгізілетін нақты түзетулер легін пысықтасын және мемлекеттік органдармен жедел келісу міндеті жүктелді.
– Бөлек мәселе – бай-бағландарға арналған салық мөлшерлемесі. Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері бір ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізсін, – деді Олжас Бектенов.
Қаржы министрлігіне өңірлерде салық түсімдерін ұлғайту, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендету және салықтық-кедендік әкімшілендіруді толық цифрландыру тапсырылды. Бұл жұмыста жасанды интеллект құралдарын да қолдану көзделген.
Цифрлық экономиканы дамыту тәсілдері 10 күн ішінде әзірленеді
Президент цифрлық трансформация дәуірінде мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Енді Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 1 айда мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі кешенді жоспар жобасын әзірлеп, енгізуі қажет.
– Мемлекет басшысы жасанды интеллектіге негізделген толыққанды цифрлық экономика құру міндетін қойды. Біз жақында қабылданған «Digital Qazaqstan» стратегиясын жүзеге асыруға кірістік. Осы құжаттың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте жаңа ақпараттық жүйелерді формалды түрде енгізуге емес, цифрландырудың нақты тиімділігіне ерекше назар аударған жөн, – деп толықтырды О.Бектенов.
Ол Жасанды интеллект министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, 10 күн ішінде экономиканы цифрландыру ауқымын кеңейту тетіктерін әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар халықтың цифрлық экономикаға қатысуын арттыру үшін цифрлық жұмыспен қамтудың құқықтық режимін іске асыру тетігі әзірленуге тиіс.
Премьер-Министр ауыл шаруашылығында да жасанды интеллектіні қолдану әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Жаңа технологиялар өнімділікті болжауға, егіс алқаптарын бақылауға, шығындарды оңтайландыруға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде салада жасанды интеллектіні енгізудің басым бағыттары мен жобаларын айқындап, кейін оларды кеңінен қолдануды қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкімет басшысының айтуынша, қағазбастылық пен ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы көлік-логистика саласының дамуына кедергі келтіріп отыр. Сол себепті Көлік министрлігі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін көлік дәліздерін жедел цифрландыру жоспарын бекітуі қажет.
Кәсіпкерлерді тексермей-ақ бақылау үшін ЖИ қолданылады
Мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінде дәстүрлі бақылаудан цифрлық мониторингке және заңбұзушылықтардың алдын алуға басымдық беру қажет. Бұл, әсіресе, бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізу мәселесі қарастырылып жатқан кезде маңызды.
– Кәсіпкерлерге шамадан тыс әкімшілік қысым түсірмей, тәуекелдер мен бұзушылықтарды анықтау үшін жасанды интеллектіні қолдануды қамтамасыз ету қажет. Цифрлық құралдар қашықтан талдау жүргізуге, күмәнді операцияларды анықтауға және салықтық әкімшілендірудің ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Осыған байланысты Қаржы министрлігіне Ұлттық экономика және Жасанды интеллект министрліктерімен бірлесіп, бір ай ішінде тәуекелге бағдарланған интеллектуалды бақылау жүйесін енгізу тетігін ұсыну тапсырылды.
Премьер-Министр әрбір мемлекеттік орган цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізудің нақты нәтижесін түсініп, олардың тиімділігін қамтамасыз етуі керектігін атап өтті.
Бұған дейін Олжас Бектенов Президент Жолдауы тарихи мәні зор міндет қойып отырғанын айтқан еді.