Телефон алаяқтығына қарсы жаңа тетіктер қашан күшіне енеді

АСТАНА. KAZINFORM — Телефон арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі көбейген сайын азаматтарды қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер күшейтіліп жатыр.

Фото: polisia.kz

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқармасының бастығы Бейбіт Біржанов Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.

Фото: видеодан алынған скрин

Оның сөзінше, алдағы өзгерістердің бірі – ресми ұйымдардың қоңырауын сәйкестендіру жүйесі. Енді банктерден, мемлекеттік органдардан және өзге де ресми мекемелерден қоңырау шалынса, телефон экранында ұйымның атауы көрсетіледі.

– Жаңашылдық азаматтарға қоңыраудың қай ұйымнан түскенін бірден анықтауға мүмкіндік беріп, алаяқтардың жалған қоңырау шалу қаупін азайтады, – деді спикер.

Аталған өзгерістер келесі айдың соңында күшіне енеді.

Маманның айтуынша, азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру да маңызды. Өйткені алаяқтар адамды алдаудың жаңа тәсілдерін үнемі ойлап табады.

Заңнамалық түзетулер тек алаяқтықпен күресуді емес, телекоммуникация саласын реттеуді де қамтиды. Атап айтқанда, интернетке қол жеткізу, IP-телефония және транкингтік байланыс қызметтері лицензияланатын болады. Бұл байланыс қызметтері нарығындағы бақылауды күшейтіп, заңсыз қызмет көрсету тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ұялы байланыс операторлары ұсынатын ақылы қызметтерге қойылатын талаптар қатаңдамақ. Бұрын абоненттер бір түймені қате басып, ақылы жазылымға автоматты түрде қосылып кететін. Енді операторлар мұндай қызметтерді тек пайдаланушы SMS-хабарлама немесе телефон қоңырауы арқылы нақты келісімін растағаннан кейін ғана қоса алады.

Еске салайық, Ұлттық антифрод орталығы 68 млрд теңге көлеміндегі алаяқтықтың алдын алды.