Темір жол жиегінде мал жайған 1000-нан астам адам жауапқа тартылған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері жыл басынан бері темір жол жиегінде мал жайған 1000-нан астам адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

«Департамент пен оның аумақтық бөліністері қызметкерлерінің жүргізген профилактикалық жұмыстарына қарамастан, теміржол маңында үй жануарларын жаю фактілерінің тіркелуі әлі де жалғасуда.

Мәслелен, осы жылдың басынан бері пойыздарды шұғыл тежеудің 2275 фактісі тіркелді, оның ішінде теміржол төсемінде малдың болуымен байланысты – 1124. Тіркелген фактілер бойынша көлік полицейлері мал иелерін анықтау, оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша тиісті шаралар қабылдауда», - деді ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.

Ж. Байкеновтың айтуынша, осы жылдың 4 қарашасында Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы Желілік полиция бөліміне диспетчерден «Манадыр-Жомарт» станциясының аралығында жүк пойызының машинисі темір жолға екі жылқының шығып кетуіне байланысты шұғыл тежеуді қолданғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Жоспарланбаған пойыздың тоқтау уақыты 9 минутты құрады. «Тексеру барысында полицейлер жылқы иесін анықтады. Ол 65 жастағы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының тұрғыны болып шықты.

Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 559-бабының 1-бөлігімен, яғни темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, оған 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», - деп түйіндеді сөзін полиция подполковнигі.

«Жыл басынан бергі уақытта темір жол жиегінде мал жайған 1000-нан астам мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - дейді Ж. Байкенов.