Темірді қызған кезде соғу керек - Ақберен Елгезек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Жазушылар одағы басқарма басшысының бірінші орынбасары, белгілі ақын Ақберен Елгезек Қазақстан Президентін кезектен тыс сайлау жайында пікірін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазір қоғамда әртүрлі әңгімелер тарап жатыр. Бізге ол әңгіменің қажеті жоқ. Биліктің транзиті тыныш, бейбіт жолмен берілуі халыққа да, мемлекетімізге де тиімді. Темірді қызған кезде соғу керек. Себебі бізге қазір бұрынғыдай күтетін уақыт емес, әлем өзгеріп жатыр. Соған сәйкес дамуымыз керек. Меніңше өткен сайлауларға қарағанда халықтың сауаты өсті. Тартысты өтеді деп ойлаймын. Президент өзі сайлаудың еркін ашық өтуіне кепіл болады. Бұл жолғы сайлау саяси науқан болғанмен, қоғамның саяси санасының тез өсуіне ықпал етпек», - деді ҚР Жазушылар одағы басқарма басшысының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек.

Айта кету керек, бүгін Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығын жария етті.

Жарлыққа сәйкес, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымында өтетін болды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудыңғ ашық, әділ өтетініне өзі кепілдік беретінін айтты.

«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.