Теміртауда көлік тонаған екі топ ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Теміртауда көлік тонаумен айналысып келген екі топ ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теміртау қалалық ІІБ басшысының бірінші орынбасары Дәурен Кәріпбаевтың айтуынша, екі топ көптеген көліктің видеотіркеуіштерін, магнитолаларын, титаннан жасалған дискілерін ұрлаған. 

«Тәртіп сақшылары екі топты және бір көлік ұрысын ұстады. Ұсталушы 15 іске қатысты екендігін мойындады. Қазір ол қамауда отыр. Тергеу жүргізілуде. Осындай шараның нәтижесінде көлік ұрлығы азаюы керек деген ойдамын, соған қарамастан осныдай қылмыстың алдын алу жүргізіле береді», - деп мәлім етті Дәурен Кәріпбаев.

Ұрланған заттардың бір бөлігі үкім шыққан соң иелеріне қайтарылады. Қалғандары бойынша сот тыңдауы кезінде азаматтардың шағымына қарай шешіледі.  

Қалалық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары ұрланған көлік дөңгелектері, дискісі, видеотіркеуіштерін қолдан сатып алмау керектігін ескертті.

«Құжатсыз сатылатын заттардың дені ұрланған болып шығады. Осныдай затты сатып ала отырып азамат кейін одан айырылып қалуы мүмкін. Полиция тәркілеген ұрланған зат бойынша соталды өндірісі барысында материалдық шығынды ешкім өтемейді», - деп ескерті Дәурен Кәріпбаев.