Бұл туралы Астана ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
27 қазанда түнгі сағат 02 шамасында елордалық ІІД жол-көлік полициясының қызметкерлері «Рубеж» өткізу бекетінде құжаттарды тексеру мақсатында көлікті тоқтатқан.
Тексеру барысында 33 жастағы жүргізушінің Қарағанды облысы Теміртау қаласының тұрғыны екендігі анықталды. Бұдан басқа, көлік салонында 29 және 25 жастағы Қарағанды тұрғындары болған. Құжат тексеру барысында олар қатты абыржып, сезік тудырды.
Салонды тексеру барысында ірі көлемде салмағы 2 келідей болатын зергерлік бұйымдар (алтын әшекейдің 600-дей түрі) мен екі миллион теңгеден астам ақша табылды.
Ұсталғандар қазанның 24-інен 25-іне қараған түні Қарағанды облысы Теміртау қаласы сауда үйерінің біріндегі зергер бұйымдар дүңгіршегін тонаған. Олардың айтуынша, алтын бұйымдардың бір бөлігін Астана ломбардтарына сатып та үлгерген.
Қазіргі уақытта тексеру жүргізілуде.