Теңге неге құлдырап барады: Тимур Сүлейменовтің жауабы
Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменов кейінгі уақытта теңгенің долларға шаққандағы құнының әлсіреуін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тимур Сүлейменов жаһандық инвесторлармен кездесіп, оның барысында қазіргі экономикалық жағдай, жүргізіліп жатқан монетарлық саясаттың негізгі бағыттары мен алдағы сын-тегеуріндер мәселесі көтерілген.
Сондай-ақ ҰБ басшысы теңге бағамының соңғы екі аптадағы әлсіреуіне қатысты сұраққа жауап берген. Айтуынша, бұған бірнеше фактордың бір мезетте қосарлануы себеп болған, олар: АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшеюі (дамыған елдердің валюталар қоржынына қатысты АҚШ долларының индексі қыркүйекте 2,5% артты), импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы, базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданған шешім Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату туралы норманы қолдануының тоқтатуы. Осы факторлардың жиынтығы теңге бағамының қысқамерзімді әлсіреуіне әкелді. Маңызды факторлар тұрғысынан алып қарағанда, мұнай бағасының өсімі мен төлем балансының жалпы жағдайы тұрақтандырушы әсерге ие болып, ұзақ мерзімде теңгеге қолдау көрсетеді.
Бұдан бөлек, жиын барысында Тимур Сүлейменов Ұлттық банк баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзінің негізгі мандатынан ауытқымайтынын айтты.
«Ұлттық банктің негізгі міндеті – проинфляциялық қысымды жұмсарту және инфляцияны ортамерзімді мақсатқа жақын 5% деңгейінде тұрақтандыру. Барлық күш-жігер осы мақсатқа жетуге бағытталады. Алайда, теңгенің айырбас бағамы еркін өзгермелі қалпында қала береді. Сонда ғана экономика кез келген өзгерістерге тез бейімделетін болады», – деді ол.
Мәлім етілгендей, ақша-кредит саясатының бұдан арғы бағыты Ұлттық банктің бұған дейінгі әрекеттері мен ақпараттық саясатына сәйкес болады. Нақты инфляцияның бәсеңдеу үрдісі қарқынды болса, базалық мөлшерлемені қалыпты түсіру жалғасады. Дегенмен фискалды ынталандырудағы әлеуетті ұлғаю тәуекелдері және экономикадағы тұрақты сұраныс жағдайында инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі оны төмендеу кеңістігін шектеуі мүмкін.
Ұлттық банк хабарламасында аталып өткендей, ақша-кредит саясаты әдеттегідей ашықтыққа, жүйелілікке, түсінікті әрі болжамды болу қағидаттарына негізделетін болады. Банк ықтимал ауытқуларға дер кезінде ден қою үшін жылдық инфляцияның таргетке келу траекториясын қадағалап отырады.
Инвесторлармен болған диалог кезінде Ұлттық банк қызметінің басым бағыттары ретінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуден бөлек, монетарлық және фискалдық саясатты үйлестіру, ішкі қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және оны одан әрі қалыпты дамыту ісінде Үкіметпен тиімді жұмыс жасалғаны айтылды.
Айта кетейік, бүгін ақша айырбастау пунктерінде доллар 482,77 теңгеге дейін жетті.