Теннис: Александр Бублик Анталияда әлемнің оныншы ракеткасын ұтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

А.Бублик ширек финалда әлемнің оныншы, осы доданың 1-ракеткасы, италиялық Маттео Берреттинимен шеберлік байқасты.

Қазақстандық теннисші бірінші партияда қарсыласынан тай-брейкте басым түсті – 7:6 (8:6). Екінші сетті де жеңіспен аяқтай білді – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 31 минутқа созылды.

Александр матч барысында екі мәрте брейк жасаса, қарсыласы біреумен шектелді. Сондай-ақ А.Бублик 11 рет (М.Берреттини – 7) эйс жасай алды.

А.Бублик финалға шығу үшін әлемнің 72-ракеткасы, франциялық Жереми Шардимен таласады. Бұдан бұрын Бублик осы турнирде Андрей Голубевпен бірге жұптық сында ширек финалда осы Ж.Шарди мен тағы бір франциялық Фабрис Мартеннен 1:6, 1:6 есебімен ұтылып қалған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің, Александр Бубликтің Анталия жарысының ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Ал Юлия Путинцева Аустралия чемпионына жол берді.

Сондай-ақ Зара Даркен Еуропа жасөспірімдер рейтингісінде үздік отыз теннисшінің қатарына кірді.