НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда рейтингте өзінен екі саты төмен тұрған болгариялық Григор Димитровпен шеберлік байқасты.
Қарсыластар бұған дейін үш рет кездесіп, соның екеуінде А.Бублик жеңген еді.
Бұл жолы 1 сағат 11 минутқа созылған матчта болгариялық спортшы 6:3, 6:4 есебімен ұтып кетті.
А.Бублик 9 эйс жасағанымен, көздегеніне жете алмады. Қарсыласы эйспен көзге түспесе де, 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Г.Димитров ширек финалға шығу үшін америкалық Джон Изнермен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллсте Аустралияның екі дүркін чемпионын жеңгенін, Заңғар Нұрланұлының Еуропа рейтингі жақсара түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).