НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Индиан-Уэллс мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жүлде қоры 8,5 АҚШ долларынан асатын жарыстың 31-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик доданы екінші айналымнан бастап, кезінде рейтингте көш бастаған «Үлкен дулыға» турнирінің үш мәрте, екі дүркін Олимпиада чемпионы, ұлыбританиялық Энди Марреймен кездесті.
Биыл А.Бублик Роттердамда Э.Маррейден жеңіліп қалған болатын.
Бұл жолы екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық теннисші қазіргі кезде рейтингте 88-орында тұрған атақты қарсыласын 7:6 (11:9), 6:3 есебімен ұтты.
А.Бублик матч барысында 11 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Э.Маррей 4 эйспен шектелді.
А.Бублик үшінші айналымда әлемнің 35-ракеткасы, болгариялық Григор Димитров немесе рейтингте 78-сатыдағы аустралиялық Джордан Томпсонның біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллсте үшінші айналымға шыққанын, жас қазақстандықтың Словакиядағы турнирдің абсолютті чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).