ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 39-ракеткасы Александр Бублик Лондон ATP 500 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 59-ракеткасы, франциялық Жереми Шардимен кездесті.
А.Бублик 1 сағат 43 минутқа созылған тартысты матчта 6:4, 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстандық теннисші бәсеке барысында 24 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 7 эйс, 2 брейкпен шектелді.
А.Бублик жүлде қоры 1,3 млн еуроға жуықтайтын жарыстың ширек финалына шығу үшін дүниежүзілік рейтингте 309-орында тұрған ұлыбританиялық Джек Дрэйпермен таласады. Ол әлемнің 23-інші, осы айтулы доданың 3-ракеткасы, 19 жастағы италиялық Янник Синнерді 7:6, 7:6 есебімен ұтып кетті.
Лондон додасы 20 маусымда мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстаннан Олимпиадаға қатысатын теннисшілердің анықталғанын, Денис Евсеевтің Алматы турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).