НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 38-ракеткасы Александр Бублик Ницца қаласында Муратоглу академиясында 24-26 мамырда өтетін UTS4 турнирінде өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, бұл ерекше жарыс Ролан Гаррос турнирінен бір апта бұрын болады.
Қазақстандық теннисші А тобында Диего Шварцман, Григор Димитров, Кристиан Гариндермен бірге бақ сынайды.
В тобында Даниил Медведев, Фабио Фоньини, Корентен Муте, Тэйлор Фритц ойнайды.
Өткен жылдағыдай, матчтар төрт бөліктен тұрады, оның әрқайсысы 8 минутқа созылады. Теннисшілер екі рет емес, бір мәрте ғана доп бере алады.
А.Бублик додаға алғаш рет қатыспақшы. Өткен жылы италиялық Маттео Берреттини жеңімпаз атанған болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Женева және Лион турнирлерінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).