Теннис: Александр Бублик «Ролан Гарроста» жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Бублик «Ролан Гаррос» турнирінің екінші айналымында аустриялық Доминик Тиммен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл матч Франция ашық чемпионатының бас корты - Филипп Шатрие атындағы аренада өтті.

Д.Тим әлемнің 4-ракеткасы болса, 21 жасар қазақстандық теннисші 91-сатыда еді. Сондықтан А.Бубликке жарыстың басты фавориттерінің бірімен айқасуға тура келді. Александрдің бір ерекшелігі, доп бергенде, соққысы барынша дәл де қатты, сондықтан эйсті де жасай біледі. Дегенмен екі мәрте қателікке де жол беретіні бар.

Бірінші партияда брейк жасаған Тим 4:1 есебімен алға кетті. Ақыры ол өз басымдылығынан айырылған жоқ - 6:3.

Есесіне екінші партияда брейк жасай білген Бублик алға шықты - 4:1. Есеп 5:3 болып, Бублик сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Сосын таразы басы теңесті - 5:5. Тартысты өрбіген тай-брейкте Александрдың жолы болды - 8:6.

Үшінші сетте есеп 4:3 болған мезетте Тим брейк жасап, партияны өз пайдасына шеше білді - 6:3.

Төртінші партияда брейк жасаған Бублик алға шықты - 2:0. Есеп 5:3 болып, сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберді. Төрт геймді қатарынан алған Тим матчты жеңіспен тәмамдады - 7:5.

Тартысты бәсеке 2 сағат 31 минутқа созылды.

Жеңіліп қалса да, А.Бублик мықты теннисшілердің өзімен терезесі тең өнер көрсете алатындай мүмкіндігі бар екендігін танытты. Эйсті де қарсыласына қарағанда, әлдеқайда көбірек жасады.

Осылайша жекелей сында «Ролан Гаррос» турнирінде Қазақстаннан ешкім қалмады.

Жұптық сында екінші айналымға шыққан қазақстандық Михаил Кукушкин бельгиялық Йоран Флигенмен бірге уругвайлық Пабло Куэвас пен испаниялық Фелисиано Лопеспен күш сынасады.

Әйелдер арасында Галина Воскобоева жұптық сында ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге бүгін жарыстың бесінші ракеткасы болып тіркелген аустралиялық Саманта Стосур мен қытайлық Чжан Шуаймен кортқа шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың жеңіліп қалғанын, М.Кукушкиннің жұптық сында екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.