НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 31-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланды) ATP 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш мәрте чемпионы, қазір рейтингте 95-орында тұрған ұлыбританиялық Энди Марреймен шеберлік байқасты.
Ұлыбританиялық теннисші тартысты матчта 7:6 (8:6), 6:4 есебімен жеңіске жетті.
А.Бублик 1 сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында 10 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Маррей 10 эйс, 2 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Э.Маррей ширек финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссиммен таласады.
А.Бублик өткен аптада финалда әлемнің 3-ракеткасы, германиялық Александр Зверевті ұтып, Монпелье ATP турнирінің жеңімпазы атанған еді. Бұл жолы жүлде қоры 1,2 млн еуродан асатын Роттердам жарысының алғашқы айналымынан аса алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Роттердам турнирінің ширек финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның Санкт-Петербург жарысын сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).