НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Александр Недовесов украиналық Денис Молчановпен бірге жұптық сында Анталия 2 челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық-украиналық жұп финалда америкалықтар Роберт Гэллоуэй - Алекс Лоусонмен бас жүлдені сарапқа салды.
Бұдан бұрын Анталияда өткен дәл осындай жарыста А.Недовесов пен Д.Молчанов жұбы чемпион атанған болатын. Сол доданың бастапқы кездесуінде олар америкалық жұпты екі сетте ұтқан еді.
Бұл жолы бірінші партияда тоғызыншы геймде Недовесов пен Молчанов брейк жасай алды - 6:4.
Екінші сетте қарсыластар брейкпен алмасып, кездесу тағдыры тай-брейкте қазақстандық-украиналық жұптың пайдасына шешілді - 7:6 (7:2).
Бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.
Осылайша Недовесов пен Молчанов Анталияда қатарынан екі турнирде жеңімпаз атанды. Бұл қазақстандық теннисшінің челленджер жарыстарындағы 17-інші жеңісі еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик пен А.Голубевтің Мельбурн турнирінің жартылай финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).