НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы Андрей Голубев Индиан-Уэллс мастерс турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші германиялық Александр Зверевпен бірге ширек финалда америкалықтар Тэйлор Фриц – Томми Полмен шеберлік байқасты.
Қазақстандық-америкалық жұп 6:4, 7:6 (7:3) есебімен жеңіске жетті. Олар сағат жарымға жуық уақытқа созылған матч барысында 6 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыластары 6 эйске қол жеткізгенімен, 5 брейк-пойнтты мүлт жіберді.
А.Голубев пен А.Зверев жартылай финалда америкалықтар Джон Изнер – Джек Сок немесе испаниялық Филисиано Лопес – грекиялық Стефанос Циципас жұптарының қай жеңгенімен кездеседі.
Андрей Голубев осыған дейін жекелей және жұптық сында мастерс жарыстарында жартылай финалда ойнамаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Германиямен матчқа қатысатын Қазақстан құрамасы анықталғанын, Тимофей Скатовтың Италиядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).