НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Дубайдағы ITF W 100 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Данилина мен словакиялық Виктория Кузьмова аталмыш жарыстың бірінші ракеткалары болып тіркелген еді.
Олар ширек финалда словакиялық Кристина Куцова – чехиялық Рената Вораковамен кездесуі керек еді. Әйтсе де қарсыластары матчқа келмей қалды да, А.Данилина мен В.Кузьмова жартылай финалға ойнамастан шықты.
Қазақстандық-словакиялық жұп финалға өту үшін таиландтық Пеангтарн Плипуек – индонезиялық Алдила Сутджиадимен таласады. Бұл екеуі ширек финалда Беларусь өкілі Юлия Готовко – тағы бір индонезиялық Джесси Ромписті 6:1, 6:1 есебімен қиналмай ұтты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Дубайдағы турнирдің ширек финалына өткенін, ал Азия біріншілігінің жартылай финалында Қазақстан мен Өзбекстан сынға түсетінін жазған болатынбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.