НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Үндістанның Пуна қаласында ITF W25 сериясы бойынша өткен турнирдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, А.Данилина украиналық Валерия Страховамен бірге финалда жапониялықтар Фуна Козаки – Мисаки Мацудамен бас жүлдені сарапқа салды.
Қазақстандық-украиналық жұп тартысты матчта 6:0, 2:6, 10:5 есебімен жеңіске жетті.
А.Данилина осылайша жұптық сында ITF World Tennis Tour додаларында спорттық жолындағы 23-інші, биылғы 9-титулына қол жеткізді. Ол сондай-ақ биыл Польшада WTA 250 жарысында алғаш рет чемпиондық атақты жеңіп алды.
«Осы аптадағы табысымыз үшін Валерия Страховаға алғысымды айтқым келеді. Енді елге келіп, бірнеше күн демаламын. Жаңажылдық мерекені өз отбасыммен өткізіп, сосын жаңа маусымға дайындаламын», деді А.Данилина.
Қазақстандық теннисші қазіргі кезде жұптық сында әлемдік рейтингіде 75-орында тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Заңғар Нұрланұлының Еуропа теннисі рейтингінде көш бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).