НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 49-ракеткасы Александр Бублик Анталия ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы доданың 8-ракеткасы болып тіркелген Бублик екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 271-орында тұрған франциялық Тристан Ламазинмен күш сынасты.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші 4:2 есебімен алға кетті. Бұдан кейін де брейк жасай алды – 6:2.
Тартыстырақ өрбіген екінші сетте де А.Бублик шеберлігінің басым екендігін көрсетті – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 36 минутқа созылды.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 10-ыншы, осы турнирдің 1-ракеткасы, италиялық Маттео Берреттини немесе рейтингте 298-сатыдағы болгариялық Димитар Кузмановтың қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).