Теннис: Бублик Мексикадағы турнирдің жартылай финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Мексикадағы Леон челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 98-інші, осы турнирдің 1-ракеткасы болып тіркелген 21 жасар А.Бублик ширек финалда эквадорлық, дүниежүзілік рейтингте 207-сатыда тұрған Роберто Куироспен кездесті.

Қазақстандық теннисші бірінші партияны 6:4 есебімен ұтты.

Екінші сетте де тай-брейкте басым түсті - 7:6 (7:3).

Бәсеке 1 сағат 15 минутқа созылды.

А.Бублик финалға шығу үшін әлемнің 334-ракеткасы, ұлыбританиялық Лиам Бродимен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Мексикадағыы турнирді сәтті бастап, сосын ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Әйелдер арасында Елена Рыбакина Ыстанбұлдың негізгі турниріне жолдама алып, содан кейін екінші айналымға, ширек финалына шықты. Дегенмен жартылай финалға өте алмай қалды.

Сондай-ақ қос қазақстандық теннисші Рабат (Марокко) турнирінің іріктеу сайысында бақ сынайды. Тәжірибелі теннисші Галина Воскобоева әлемнің 122-ракеткасы, бельгиялық Исалин Бонавантюрмен кортқа шығады. Ал рейтингте 373-сатыда тұрған Анна Данилина әлемнің 211-ракеткасы, аустралиялық Зои Хайвспен шеберлік байқасады.