Теннис: Бублик Монтеррей турнирінің жеңімпазы атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Александр Бублик Монтеррей (Мексика) челленджер турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық спортшы финалда Эквадор елінің өкілі Эмилио Гомеспен кездесті.

Дүниежүзілік рейтингте А.Бублик 120-орында болса, қарсыласы 309-сатыда еді.

Александр Бублик Гоместі 6:3, 6:2 есебімен екі партияда тізе бүктірді.

Бәсеке бір сағатқа жуық уақытқа созылды.

Осылайша 21 жасар А.Бублик челленджер турнирлерінде оныншы рет жеңімпаз атанып отыр.

Ол биыл Будапешт және Франциядағы жарыстарда үздік шыққан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Монтеррей турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.