Теннис: Бублик Монтеррей турнирінің финалына шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық теннисші Монтеррей (Мексика) челленджер турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүниежүзілік рейтингте 120-орында тұрған қазақстандық спортшы жартылай финалда әлемнің 93-ракеткасы, америкалық Теннис Сандгренмен кездесті.
Осы турнирдің 1-ракеткасы болып тіркелген америкалық алғашқы сетте брейктер жасап, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Екінші партияда А.Бублик дәл сондай есеппен есе қайырды.
Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте Сандгрен брейкпен алға шықты. Ол матчқа доп бергенде, Бублик қайыра брейк жасай білді. Матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, онда қазақстандық теннисші 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Тартысты бәсеке 1 сағат 39 минутқа созылды.
Бублик дәл осы Сандгренді Майамидегі мастерс турнирінде де ұтқан болатын.
Бублик Монтеррей финалында әлемнің 309-ракеткасы, эквадорлық Эмилио Гомеспен чемпиондық атақты сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бубликтің Монтеррей турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.