Теннис: Бублик пен Голубев жұптық сында Мельбурндағы турнирдің ширек финалына өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Мельбурндағы ATP 250 Great Ocean Road Open турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандықтар бірден екінші айналымға өтті.

Олар бүгін екінші айналымда сербиялық Миомир Кецманович – ресейлік Карен Хачановпен кездесуі керек еді. Алайда сербиялық-ресейлік жұп бұл ойынға келмей қалды да, А.Бублик пен А.Голубев ширек финалға өтті.

Қазақстандықтар жартылай финалға шығу үшін осы доданың 2-ракеткалары, ұлыбританиялық Джейми Маррей – бразилиялық Бруно Соареспен таласады.

Бублик пен Голубев жұптық сында 8 ақпанда басталатын Аустралия ашық чемпионатында да бақ сынайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің қарсыласы анықталғанын, Александр Недовесовтің Анталия турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.