НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Бублик Роттердам (Нидерланды) ATP турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик бастапқы кездесуін рейтингте 90-орында тұрған, негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан кейін қосылған франциялық Грегуар Баррермен өткізді.
Бірінші сетте қазақстандық теннисші басымдық көрсетті – 6:3.
Екінші партия тартысты өрбіп, тай-брейк Баррердің пайдасына шешілді – 7:6 (7:2).
Шешуші, үшінші сетті Бублик жеңіспен тәмамдай білді – 6:4.
Тартысты бәсеке 1 сағат 47 минутқа созылды.
А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублев немесе рейтингте 28-орында тұрған грузиялық Николоз Басилашвилидің біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық Михаил Кукушкин алғашқы айналымда франциялық Жиль Симонмен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Санкт-Петербург турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).