Теннис: Рыбакина Санкт-Петербург турнирін жеңіспен бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Санкт-Петербург WTA турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда рейтингте 59-орында тұрған чехиялық Катерина Синяковамен кездесті.

Бірінші партияда Е.Рыбакина қос бірдей брейкпен алға шықты – 4:0. Бұдан кейін қарсыласы брейк жасағанымен, қазақстандық спортшы өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.

Екінші сетте Елена есеп 3:4 болған мезетте Синякованың брейк жасауына жол берген жоқ. Сосын өзі брейкпен алға кетті – 5:4. Ақыры матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 18 минутқа созылды.

Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 41-ракеткасы, латвиялық Анастасия Севастова немесе 46-сатыдағы франциялық Каролин Гарсияның біреуімен таласады.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 34-ракеткасы Юлия Путинцева осы жарыста бастапқы матчын рейтингге өзінен төрт саты төмен тұрған ресейлік Вероника Кудерметовамен өткізеді.

Жүлде қоры 848 мың АҚШ долларына бағаланған Санкт-Петербург додасы 16 ақпанда мәреге жетеді. Өткен жылғы жарыста Нидерланды өкілі Кики Бертенс финалда хорватиялық Донна Векичті ұтып, жеңімпаз атанған болатын. Ол турнирдің екінші ракеткасы ретінде биыл да қатысуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бублик пен М.Кукушкиннің Роттердам турнирінде ойнайтынын жазған болатынбыз.

А.Бублик алғашқы айналымда франциялық Грегуар Баррермен шеберлік байқасады. М.Кукушкин де Г.Баррердің отандасы Жиль Симонмен кортқа шығады.


Соңғы жаңалықтар