НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 195-ракеткасы Дмитрий Попко Алматы челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы доданың 6-ракеткасы болып тіркелген Д.Попко екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 338-орында тұрған 19 жастағы румыниялық Филип Жиянумен шеберлік байқасты.
Қазақстандық теннисші бірінші партияны брейкпен бітірді – 7:5.
Д.Попко екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Ақыры осы басымдылықты сақтап қала алды – 6:3.
Біршама тартысты өткен бәсеке 1 сағат 53 минутқа созылды.
Д.Попко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 108-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, словакиялық Андрей Мартинмен таласады. Қазақстандық спортшы үшін шешуші кездесудің бірі осы болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Алматы турнирінің ширек финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның жұптық сында Ролан Гаррос жарысының жартылай финалына өте алмағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Словакиядағы турнирдің ширек финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).