НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 193-ракеткасы Дмитрий Попко Киев челленджер турнирінің ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген Д.Попко екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 342-орында тұрған италиялық Франческо Фортимен кездесті.
Сағат жарымнан астам уақытқа созылған матчта қазақстандық теннисші 7:5, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке барысында Д.Попко 11 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс жасап, 3 брейкке қол жеткізді.
Д.Попко жартылай финалға шығу үшін рейтингте 347-сатыдағы түркиялық Ерги Киркинмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Киев турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Т.Скатовтың ширек финалдағы қарсыласы – португалиялық Нуно Боргес.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).