НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 187-ракеткасы Дмитрий Попко Лиссабон челленджер турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген Д.Попко әуелі италиялық Лоренцо Джустиноны ұтты.
Екінші айналымда германиялық Бенджамин Хассаннан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.
Бүгін Д.Попко ширек финалда рейтингте 238-орындағы португалиялық Жоао Домингешпен кездесті.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта қазақстандық теннисші қарсыласын 6:7 (4:7), 7:5, 6:0 есебімен тізе бүктірді.
Д.Попко финалға шығу үшін әлемнің 116-ракеткасы, франциялық Хьюго Гастон немесе рейтингте 160-сатыдағы германиялық Седрик-Марсель Штебенің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Чикаго жарысының ширек финалына, Юлия Путинцеваның Astana Open турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).