Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) мәлім еткеніндей, ерлер арасында бұрынғыша сербиялық Новак Джокович көш бастаса, испаниялық Рафаэль Надаль екінші, аустриялық Доминик Тим үшінші орында келеді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 51-ден 54-сатыға сырғыса, Михаил Кукушкин 90-орында қалды.
Өткен аптада Прага 2 турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Дмитрий Попко 178-ден 165-орынға көтерілді.
Жұптық сын бойынша М.Кукушкин 77-ден 80-ге, А.Бублик 100-ден 104-ке, Александр Недовесов 132-ден 134-ке төмендесе, жуырда Италиядағы турнирдің жеңімпазы атанған Андрей Голубев 111-ден 103-ке жоғарылады.
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жариялаған рейтингіде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 17-орнында қалса, Юлия Путинцева 33-тен 35-ке, Зарина Дияс 66-дан 69-ға сырғыды.
Аустралиялық Эшли Барти, румыниялық Симона Халеп және чехиялық Каролина Плишкова бұрынғыша үздік үштікте.
Жұптық сын бойынша Галина Воскобоева 62-інші, Анна Данилина 126-орында болса, Ю.Путинцева 171-ден 172-ге төмендеді.
Қазақстандық теннисшілер бүгін басталатын АҚШ-тың ашық чемпионатында (жүлде қоры – 53,4 млн доллар) сәтті өнер көрсетсе, рейтингілік ұпайға көбірек ие болып, көрсеткіштерін жақсартады.
Қазақстандықтардан алғашқы болып кортқа А.Бублик пен М.Кукушкин шығады. 1 қыркүйекке қараған түні А.Бублик ұлыбританиялық Кайл Эдмундпен, М.Кукушкин мажарстандық Атилла Балашпен күш сынасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің АҚШ-тың ашық чемпионатындағы қарсыластары белгілі болғанын, Анна Данилинаның Прага жарысын жеңіспен бастағанын жазған едік.