ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 21-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин WTA 500 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 46-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерспен өткізді.
Бірінші партияда америкалық спортшы басымдылық көрсетті – 6:2.
Екіншісінде Е.Рыбакина есе қайырды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды – 6:4.
Матч барысында қарсыластар екі брейктен жасады. Е.Рыбакина 9 рет эйсқа қол жеткізсе, Ш.Роджерс үшеумен шектелді.
Тартысты бәсеке 1 сағат 44 минутқа созылды.
Е.Рыбакина жүлде қоры 456 мың еуродан асатын жарыстың екінші айналымында әлемнің 13-інші, осы доданың 6-ракеткасы, испаниялық Гарбинье Мугуруса немесе рейтингте 45-орында тұрған румыниялық Сорана Кырстяның біреуімен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Денис Евсеевтің Алматы турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Лондон турнирін жеңіспен бастады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).