НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Чикаго WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте өзінен бір саты жоғары тұрған тунистік Онс Жабермен ойнады.
Бірінші партияны О.Жабер өз есебіне жазды – 6:4.
Екінші есеп 2:2 болған мезетте тунистік теннисші брейк жасап, алға кетті – 3:2. Осы кезде Е.Рыбакина матчты жалғастырудан бас тартты.
О.Жабер жүлде қоры 565 мың АҚШ долларынан асатын жарыстың финалында әлемнің 9-ракеткасы, испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездеседі.
Г.Мугуруса жартылай финалда қарсыласы, чехиялық Маркета Вондроушованың келмей қалуына байланысты соңғы бәсекеге ойнамастан шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина Чикаго жарысының жартылай финалына шыққанын, Юлия Путинцева Astana Open турнирінің финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Дмитрий Попко Лиссабон финалына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).